Қараша айының соңында Алматы қаласында «ЮНЕСКО геопарктер тұрақты даму және ынтымақтастық үшін» атты Халықаралық геофорум өтті. Геофорумның мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияда геопарктер желісін құруды ілгерілету, геологиялық мұраны сақтау және геотуризмді дамыту.
Іс-шара Satbayev University қолдауымен өтті. Форумға Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Қазан федералдық университетінің өкілдері мен «Янган-Тау» геопаркінің жоба тобы, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
Аталған геофорум геопарктердің заңнамалық реттелуі, зерттеу құзыреттерін дамытудағы геопарктердің рөлі және тұрақты даму мәселелерін талқылауға арналған ғылыми-эксперттік алаң болды. Сонымен қатар, форум аясында табиғи мұраны сақтау бойынша халықаралық сарапшылардың тренингтері мен геопарктер құру тәжірибесімен алмасу шаралары өтті.
Халықаралық геофорумға Ұлытау облысы атынан кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Қапбарова Диана, «Ұлы Тағзым» қоғамдық қорының директоры Салыкова Балғын және қордың медиа тобының жетекшісі Ругис Дмитрий қатысты. Өңір өкілдері Ұлытау облысының табиғи және мәдени мұрасының бірегейлігін атап өтіп, геопарк құру перспективасы туралы айтып берді. Бұл жоба болашақта маңызды бастамаға айналып, әлемдік қоғамдастықтың назарын аударуы мүмкін.