Бұланты шайқасы монументі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» есін жиып, бойын тіктеп үлгермеген халыққа рух берді. Бұланты шайқасы қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді. Мұны маңыздылығы жөнінен 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі жеңіске теңестіретіндер бар. Бұланты шайқасы алдағы үлкен ұрыстардың, үлкен жеңістердің қозғаушысы болды. Содан кейін қазақ тарихында жоңғар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды. Қазақ хандығының 550 жылдығы аталған жылы Бұланты шайқасы болған жерге ескерткіш-стелла орнатылып, осы өңірдегі батырлардың есімдері жазылған тасбелгілер қойылған болатын.